Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінде "Жасанды интеллект – келешектің әміршісі" атты физика және информатика пән бірлестігі апталығы бастау алды.
Апталықтың басты мақсаты – жасанды интелектті, жаңа технология элементтерін қолдана отырып, білім алушылардың физика мен информатика пәндеріне деген қызығушылықтарын, білімдерін тереңдетіп, цифрландыру және роботехника бойынша сауаттарын арттыру.
Апталықтың алғашқы күні ерекше форматтағы таңғы күтіп алу шарасымен басталып, ұстаздар мен оқушыларға дрондардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар 3D принтер арқылы жасалған түрлі модельдер ұсынылып, оқушыларға технологияның нақты нәтижелері көрсетілді.
Таңғы күтіп алудағы ең әсерлі сәттердің бірі — VR көзілдірік арқылы виртуалды саяхат болды.
Апталықтың салтанатты ашылу шарасында мектеп директоры Бағдат Қонысбайұлы информатика мен физика пәндерінің қазіргі замандағы маңыздылығына тоқталып, бұл пәндердің оқушылардың логикалық ойлау қабілетін, зерттеушілік дағдыларын және болашақ мамандықты дұрыс таңдауға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар апталық аясында өтетін іс-шаралар оқушылардың шығармашылығын шыңдап, ғылымға деген қызығушылығын арттыратынына сенім білдіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Апталықтың ашылу шарасы қызықты таныстырылымдармен жалғасын тауып, интерактивті ойындар ұйымдастырылды.
Апталықтың ашылуындағы ең қызықты әрі ерекше сәттерінің бірі — Unitree Robotics компаниясының универсалды гуманоид роботы G1 Basic болды. Роботтың қозғалысы мен мүмкіндіктері көрсетіліп, жасанды интеллект пен робототехниканың даму болашағы туралы мағлұмат берілді. Бұл көрініс оқушыларға үлкен әсер қалдырып, ғылым мен техникаға деген қызығушылықтарын арттырды.
Апталықтың ашылуы мен таңғы күтіп алу шарасы барысында белсенділік танытқан оқушыларға естелік сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар көтеріңкі көңіл күйге бөленді .









